Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Жиында Абай облысының әкімі Берік Уәли өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 103,7 пайызды құрады. Бұл – Ұлттық даму жоспары бойынша межеленген 103,6 пайыздық көрсеткіштен жоғары. Ауыл шаруашылығында өсім – 104,1 пайызды көрсетіп отыр.
Облыс әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығында суармалы жерлерді ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір облыста 113,4 мың га суармалы жер бар екен. 2024-2028 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспар аясында 6 су қоймасы салынып, қосымша 31 мың га жер айналымға енгізілмек. Ертіс өзенінің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы бұл көрсеткіш тағы 70 мың гектарға ұлғаяды деген жоспар бар. Нәтижесінде суармалы жер көлемі 214,4 мың гектарға жетуі тиіс.
«Маусым айында өткен «Туған жерге туыңды тік» инвестициялық форумында 15 меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасымен жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларынан асатын 20 келісімге қол қойылып, халықаралық ынтымақтастықты арттыру жұмыстары жалғасып келеді. Мұның бәрі алдағы уақытта өз нәтижесін береді деп ойлаймыз. Облыс әкімдігі өңірдің экономикалық өсімін сақтауға бар күш-жігерін салатын болады. Алдымызға қойылған міндеттерді уақтылы орындайтын боламыз», – деді аймақ басшысы Үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Абай облысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
«Үкімет мүшелеріне айтатыным – Абай облысын қолдау керек. Жаңадан құрылған өңір. Республикалық бюджеттен жіберілетін қаражаттың көлемі жеткіліксіз. Соның бәрін ескеріп, қаржыландыру көлемін арттыру керек» – деді Премьер-министр.