Жақында ғана депутаттар өңірлерді аралауға шыққан еді. «Ауыл» партиясы фракциясынан сайланған халық қалаулылары облыстардағы шаруашылықтарды аралап, фермерлердің жұмысымен танысып жүр.
Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Шымкент қаласындағы, Түркістан мен Жамбыл облыстарындағы әлеуметтік, өндірістік және ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, жергілікті жұртпен кездесулер өткізуде. Осы іссапарларының бірінде депутат Жамбыл облысындағы есек шаруашлығына барғанын тик-ток әлеуметтік желісіне салып, қызығы көп шаруашылық екенін айтты.
«Ауылда шаруашылық жүргізіп ақша табамын, Қазақстанға валюта алып келемін деген кәсіпкерлер мен үшін маңызды. Есек шаруашылығы Қазақстан үшін жат, таңсық шаруашылық. Бізде оның еті арам деп есептеледі. Бірақ Қытай нарығында сұраныс үлкен болып тұрса, ол жаққа тірідей сатуға, терісін өткізіп, ақша табатындай мүмкіндік болса неге бұл шаруашылықты да көрмеске? Жамбыл облысында осындай бір кәсіпкер бар. Сол кәсіпкер қытайлармен жұмыс істеп, шаруашылығын дамытамын, сол арқылы ақша табамын десе, өте жақсы деп есептеймін. Есек шаруашылығының қызығы көп екен. Сонымен бүгін таныстым. Міне осындай қызық әрі жаңа бағыттар бар. Әрине жұмыс көп. Тиісті мәселелерді жазып алдық. Алдағы уақытта жұмыс істейтін боламыз», — деді Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев.
Парақша оқырмандары түрлі пікірлер жазып, сұрақтар қойыпты.
«Біздің кәсіпкерлер байысын, ақша тапсын, онда тұрған ештеңе жоқ», — деп жауап жазған депутат.