Қызылорда облысында суармалы су арналарын автоматтандыру жұмыстары басталды, деп хабарлады 24KZ. Биыл жалпы ұзындығы 150 шақырымға жуықтайтын 5 гидронысанға қашықтан бақылау құрылғысы орнатылады. Мамандардың айтуынша, бұл жүйе су шығынын азайтып, мониторинг жасауға мүмкіндік береді.
Жалағаш ауданындағы Темірбек Жүргенов ауылында үш жылдан бері электронды су өлшеу құрылғысы қолданылып келеді. Диқандар жаңа технологияның көмегімен су арнасын қашықтан басқарып отыр. Сушылар бұрынғыдай қолына сызғыш алып, тоспа басында телмірмейді. Су ағынынан бастап, деңгейі мен көлемін де смартфон арқылы анықтайды.
Осындай құрылғыларды өңірдегі магистралды су арналарына да орнату жұмыстары басталды. Бүгінде Жаңақорған, Шиелі және Сырдария аудандарындағы 5 каналдың гидроқондырғысы автоматтандырылып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 10 пайызы аяқталған. Қалған бөлігі егін суару маусымынан кейін жалғасады, дейді мамандар.
Қазіргі таңда, өңірде тағы 15 су арнасын автоматтандыру үшін жобалы-сметалық құжат дайындалып жатыр.
Сурет: Agrotrend.kz