Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған брифинг барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков аграрлық секторда тұрақты өсім байқалып отырғанын мәлімдеді. Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4%-ға артып, 1,3 трлн теңгені құрады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Елдегі азық-түлік өнімдері өндірісі 5 айда 10,5%-ға артып, 1,4 трлн теңгені құрады.
Жалпы, 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу және азық-түлік өнімдері өндірісін 4,5 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Негізгі азық-түлік түрлері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 80–100% шамасында.
Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында Қазақстанда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 670-тен астам инвестициялық жоба іске асырылуда, оның ішінде 197 жоба импортты алмастыруға бағытталған. Бұл жобалардың жалпы құны – 915 млрд теңге.
Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттік аграрлық саясаттың стратегиялық басымдығы болып қала береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірісті ұлғайту, өңдеуді дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және елдің азық-түлік егемендігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырады.
Сурет: АШМ