Ауыл шаруашылығын жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Өйткені шарттары өте жеңіл, ауыл тұрғындарына тиімді әрі қолайлы.
Шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несие халыққа өте пайдалы екені сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарына бірде-бір коммерциялық банк мұндай шарттармен несие бермейді. Бұл бағдарлама ауылдықтар үшін үлкен мүмкіндік.
Шұғыланың шағын шаруашылығына жер керек
«Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланған Абай облысының Жарма ауданына қарасты Қапай батыр ауылының тұрғыны Шұғыла Нұрғалиевамен кездесіп, қорасындағы қойларын да көріп қайтқан едік.
«2023 жылы «Ауыл аманаты» деген бағдарлама іске қосылғанын естіп, біз де өтінім бердік. Жинайтын құжаттардың тізімін алдық та, кейін бәрін өткіздік. Сол жылдың қараша айында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары қаржыландыру басталғанын хабарлады. Барып шарттарымен таныстық, құжаттарға қол қойдық. Бәрі ойдағыдай болып, несиеге 110 бас саулық қой сатып алдық. Бір жыл жеңілдік кезеңі берілді. Содан кейін ғана төлей бастадық. Бекітілген кесте бойынша айына 90 мың теңге төлеп тұрамыз. Қазір қойымыз екі есе өсті. Пайдасын көріп отырмыз. Ауылды жерге өте тиімді бағдарлама», — дейді Шұғыла Нұрғалиева.
Кәсіпкер жеңілдетілген лизингпен трактор алуды да жоспарлап отыр. Ескі техниканың шығыны мен әуресі көп болатыны түсінікті. «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Семейдегі филиалына өтінім беріп көріңіздер деген кеңес бердік.
Шағын отбасылық шаруашылық мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отыр. Тіпті ауылдағы көпбалалы отбасыларға көмектесіп тұрады екен. Қой сойып беріп, игі іс жасайтындарын да айтып қалды. Өзін ғана емес, өзгені де ойлайтын осындай қосалқы шаруашылықтарға жан-жақты қолдау көрсеткен артық етпесі анық.
Шаруашылықты бұдан ары дамытуына көлденең болып тұрған жер мәселесі. Айтпақшы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы алғаш іске аса бастағанда осы шаруашылыққа Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың өзі келіп, Шұғыланың шаруашылығымен танысқан екен. Сол кезде жергілікті әкімдікке жер мәселесін шешіп беруді тапсырған көрінеді. Олар «қарастырамыз» деп уәде беріпті. Әзірге қолайлы жердің ыңғайы келмей тұрған көрінеді. Дегенмен жергілікті әкімдік мәселені шешіп беру жағын әлі де қарастырып жатыр екен.
Ауылды көтеретін адал еңбек
Жарма ауданын артқа тастадық та көктей өрлеп, Көкпекті ауданының Үлкен Бөкен ауылына қарай тарттық. Бұл ауылда да «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы оншақты сиыр сатып алып, кәсібін ілгерілетіп отырған азамат бар. Бұрын ішкі істер органында қызмет еткен Серік Оразғалиев кейін зейнетке шыққан соң туған ауылына оралған. Мемлекеттік қызмет арқылы Қазақстанның біраз жерінде еңбек еткен зейнеткер бұл күнде немере баққан ата. «Ассалаумағалейкүм, хал-жағдайларыңыз жақсы ма?» деген сәлемімізге «Уағалейкумассалам! Ауылда жағдай жаман бола ма?» деп күлімсірей қолымызды алды. Ауылдағы екінің бірі дәл осылай айта қоймайтыны анық. Осы сөзінен-ақ шаруасына ширақ, тұрмысына риза адам ғой деп ойладық.
«Мал шаруашылығына жеңілдікпен несие беретінін әкімдіктің ресми сайтынан оқып қалдым. Жолдасымыз екеуміз ақылдасып, осы несиені алуға бел байладық. Пайызы төмен екен. Біз сияқты зейнеткерлерге өте қолайлы бағдарлама. Қартайып тұрған жоқпыз. Әкімдікке барып, мән-жайды толық білдік, шарттарымен таныстық. «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының мамандары жақсы көмектесті. Шапқылап жүріп, несиеге қол жеткіздік. Сөйтіп мал сатып алдық. Алдағы жылы сиырларымыздың алды туа бастайды. Ақырын тіршлік етіп жатырмыз. Ауылда тұрған соң мал ұстамай болмайды. Осы ауылдағы оншақты отбасы біз сияқты несие алып, кәсіп бастады. Адал еңбек етсең ауылда да жақсы өмір сүруге болады», — дейді Серік Айғалиұлы.
Серік Оразғалиевтің ауласында бройлер тауық балапандары, жұмыртқа бағытындағы тауықтары және балапан қаздары бар екен. Бақшасына картоп және басқа да көкөністер егіп, қаладағы балалары мен немерелеріне табиғи таза өнім жіберіп отырады. Бізге қора-жайын көрсетіп, шаруашылығымен таныстырған кәсіпкердің де шағын трактор сатып алу ойында бар екен. Ауыл маңында жайылымдық жер тапшы болғандықтан сиырлары мен жылқыларын жайлаудағы табынға қосатын көрінеді. Жаздың бір күнін құр жіберіп алуға болмайтынын білетін кәсіпкер күзде мал қораға келгенше жем-шөбін жинап алу қамына кіріскен.
«Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Несиелеу департаментінің бас менеджері Бейбіт Сәкенов биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие беру жұмыстары жалғасатынын айтты.
«Бұл бағдарлама шынымен ауыл тұрғындарына өте ыңғайлы. Облыс аудандарындағы несие алған кәсіпкерлер жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ең бастысы – кепілге қоятын мүліктері, кәсіп істеуге ыңғайлы орындары болса жеткілікті. Биылға 1 млрд теңге қаржы бөлінеді деген жоспар бар. Қаржы түссе өтінім қабылдауға дайынбыз», — дейді Б. Сәкенов.
Мақала авторы Қанат Тұрар