Солтүстік Қазақстан облысында жоңышқадан түйіршіктелген жем өндіретін алғашқы зауыт іске қосылады. Бұл туралы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы хабарлады.
Қызылжар ауданы Подгорное ауылында кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Salar Farm ЖШС өндірісті 2026 жылдың екінші тоқсанында іске қосуды жоспарлап отыр.
«Біздің облыста және елде мұндай кәсіпорындар жоқ. Біз жоңышқа жемін өндіруді бірінші болып жолға қоямыз. Біз оны түйіршіктер түрінде шығарамыз. Үш сатылы өндіріс: кептіру, сығымдау және түйіршіктеу желісі. Яғни, елімізде алғаш рет жоңышқа пішенін кептіреміз, сығымдаймыз және түйіршіктейміз. Жоңышқаның шикізат ретіндегі артықшылығы — ақуыз бен протеиннің мөлшері жоғары болады. Бұл премиум жем. Өнімдер Қытай мен БАӘ-ге экспортталады», — деді Salar Farm директоры Арман Уатаев.
Salar Farm жоңышқаны суармалы алқаптарда өсіреді.
Арман Уатаев сондай-ақ кәсіпорын үшін Германияда Amandus Kahl компаниясының технологиялық жабдықтары сатып алынғанын, бірінші партиясы маусым айының соңында жеткізілетінін айтты.
Жылына 60 мың тонна түйіршіктелген жем өндіріледі. Зауыттағы процестер автоматтандырылады. Жобаның жалпы құны – шамамен 5 млрд теңге. Жеңілдетілген қаржыны «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан алған.
Сурет: «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы