Биыл Ақмола облысында ауыл шаруашылық дақылдарының егістік көлемі 5,5 млн гектарды құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеді.
Аймақ басшысы бұл өткен жылмен салыстырғанда 52 мың гектарға артық екенін атап өтті. Мұндай өсім – диқандардың жоспарлы жұмысының нәтижесі және ауыл шаруашылығы саласындағы тұрақты қарқынның дәлелі. Әртараптандыру аясында майлы дақылдар 430 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бүгінде егіс жұмыстары 433 мың гектардан астам алқапта жүргізілген.
«Егін егу науқанын жүргізу үшін дайындық іс-шараларының барлық жұмыстары орындалды. Қыста ылғал жинау мақсатында 1,1 млн гектар алқапта қар тоқтату жұмыстары жүргізілді. 3 млн гектардан астам жерде ылғал жабу жұмыстары атқарылды. Егін егердің алдында 2 млн гектардан аса жер өңделді, бұл өткен жылғыдан 3 есе көп», — деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Әкім сондай-ақ тұқымның қажетті көлемі дайындалғанын хабарлады. 2023 жылмен салыстырғанда минералды қоспаларды енгізу 3 есеге артатын болады.
Мұның бәрі Үкіметтің уақытында қолдауының арқасында іске асырылды. Облыста ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту белсенді түрде жүріп жатыр. Жыл басынан бері 10 млрд теңгеден астам сомаға 364 техника сатып алынды. Жалпы, егін егу жұмыстарына 37 мың ауыл шаруашылық техникасы тартылатын болады.
Көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген дизель отыны жеткілікті деңгейде бөлінді. Үкіметтің қолдауының арқасында көктемгі егіс жұмыстары ерте қаржыландырылды. Жеңілдетілген несиеге түскен өтінім пулы 108 млрд теңгеден асты. Оның 100 млрд теңгеден астамы егін егетін 664 фермерге берілді. Несие беру жалғасуда.
Cурет: АШМ