Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мақтаны терең өңдеп, дайын өнімді экспорттауға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Үш кезең бойынша іске асырылатын жобаның жалпы құны – 146,8 млрд теңге.
«Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, 2024 жылы тамшылатып суару әдісін қолдану арқылы 1,2 мың гектар жерге мақта егілген. Өнімділік гектарына 60 центнерді құрады.
Биыл 2-кезең аясында 32 мың гектарға мақта егу, 3 мақта өңдеу зауытының, тамшылатып суару жүйелерін шығаратын зауыттың және жылына 45 млн жүгірме метр көлемінде тоқыма емес материалдар өндіретін фабриканың құрылысын бастау жоспарланып отыр.
2026 жылы мақта егіс алқаптарын 50 мың гектарға дейін ұлғайту, сондай-ақ екі мақта өңдеу зауытының, тігін және бояу-тоқыма фабрикаларының құрылысын бастау көзделген.
Сурет: АШМ