ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Alhusaini Group компаниялар тобының өкілі Абделрахим Мохаммад Аль-Хуссейнимен кездесу өткізді, деп хабарлады минисрліктің баспасөз қызметі. Келіссөз барысында Қазақстан аумағында асыл тұқымды құс репродукторын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері талқыланды.
«Сіздер ұсынған жоба еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін аса маңызды. Біз оны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде инвестор жылына 100 млн инкубациялық жұмыртқа өндіретін жоғары технологиялық кәсіпорын құру жоспары туралы айтты. Жобаның қазақстандық серіктесі – құс етін өндіретін интеграцияланған холдинг «Aitas KZ» АҚ болады.
Жалпы инвестиция көлемі – 85 миллион АҚШ доллары. Жобаны іске асыру 2025-жылы басталып, кезең-кезеңімен 2029 жылға дейін жалғасады.
Өнімнің негізгі өткізу нарығы – Қазақстан. Сонымен қатар өндірістің 30%-ы экспортқа бағытталады.
Айта кетейік, Alhusaini Group – құс етін өндіруге маманданған Al Jazeera Agricultural Company мен Al Sidra компанияларының иесі.
Аталған жобаның Қазақстанда іске асырылуы – отандық құс шаруашылығын дамыту мен саланың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Сурет: АШМ