Аймақта 723 мың га алқапқа егін егу жоспарланған, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 401,5 мың га, майлы дақылдар – 60,5 мың га, мал азығы дақылдары – 256,0 мың га, картоп – 2,8 мың га, көкөніс пен бақша дақылдары – 2,5 мың га. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында 2024 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар 13,4 мың гектарға, мал азығы дақылдары 36 мың гектарға ұлғаяды. Жалпы тұқым қажеттілігі 40,5 мың тонна. Тұқымдық материалды талдау сәуір айында аяқталады.
Көктемгі егіс науқанына 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың тұқым сепкіш пен топырақ өңдеу агрегаты жұмылдырылады.
Егіс жұмыстарын жүргізу үшін 6,2 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Шаруа қожалықтарына арналған бағасы – 253 теңге/литр, бұл нарықтық бағадан 15%-ға арзан.
2025-жылы өңірде 46,2 мың тонна минералды тыңайтқыш себу жоспарланған.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 1,2 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар, «Кең дала-2» бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ақтөбе» ӘКК арқылы егіс науқанын 5% жылдық мөлшерлемемен қаржыландыру жүргізілуде. Қазіргі таңда 5,4 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 4,5 млрд теңгесі мақұлданды. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда.
Сурет: Agrotrend.kz