Биыл 20-ақпанда «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қазақстанның ауыл шаруашылығы секторын қолдауға бағытталған лизингтің үш жеңілдетілген бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастайды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі. Бұл мақсатқа10,5 млрд теңге бөлініп отыр. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6% болады.
Атап айтқанда:
– «Өз жем-шөбіміз» — 3 млрд теңге;
– «Қазақстанда жасалған» — 5 млрд теңге;
– «Жеңілдетілген лизинг» — 2,5 млрд теңге.
«Қазақстанда жасалған» бағдарламасы бойынша фермерлер аспалы, тіркемелі және өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын, сондай-ақ отандық көлік құралдарын жылдық 6% мөлшерлеме бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге сатып алады. Аванс мөлшері лизингке берілетін техника құнының 15%-нан басталады.
«Өз жем-шөбіміз» бағдарламасы қазақстандық және шетелдік өндірістің жем-шөп дайындайтын техникасы мен мобилді суару жүйесін қаржыландыруға бағытталған. Мұндағы мөлшерлемесі де жылдық 6%-ды құрайды, мерзімі – 10 жылға дейін, аванс – кемінде 15%.
«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы фермерлерге отандық компаниялар өндірген немесе құрастырған өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген шарттармен аванссыз 10 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен сатып алуға мүмкіндік береді.
«Лизингтің жеңілдетілген бағдарламалары біздің клиенттер арасында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан, қаржы пайда болған сәтте біз оларды лизингтің осы үш бағдарламасына бағыттауға шешім қабылдадық. Олар — «Қазақстанда жасалған», «Өз жем-шөбіміз» және «Жеңілдетілген лизинг». Оған қоса қазір алдағы егіс маусымына дайындалатын уақыт», — деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.
Өтінімдер қабылдау 20-ақпан күні сағат 15.00-де басталады. Ол үшін Telegram-боттағы https://t.me/kaz_agro_finance_bot сілтемесіне өту қажет. Өтінім берген соң клиент 5 жұмыс күні ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс.
Бағдарлама шарттары, сондай-ақ филиалдардың байланыс нөмірлері www.kaf.kz сайтында көрсетілген.
Сурет: Agrotrend.kz