Cарыағаш ауданының шаруалары көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қолға алып, әлеуметтік маңызға ие ерте пісетін сәбіз егуді бастап кетті, деп хабарлады аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Егін егуді алғашқы болып бастаған шаруалардың бірі Қабланбек ауылдық округіндегі «Қалдан» шаруа қожалығы 5 гектар жерге жоғарғы сұрыпты сәбіз егіп жатыр. Басқа да аудан шаруалары жерлерін өңдеп, егіс егу жұмыстарына дайындықты бастап кетті.
Биыл аудан бойынша 75,7 мың гектар жерді игеру жоспарлануда, оның ішінде: дәнді және бұршақты дақылдар – 49,9 мың га, майлы дақылдар – 1,1 мың га, картоп – 2,03 мың га, көкөніс – 10,6 мың га, бақша өнімдері – 0,5 мың га, мал азығы – 11,6 мың гектарға егіледі.
Сурет аудан әкімдігінен алынды