Жетісу облысында биыл қант қызылшасынан рекордтық өнім алынып, 635 мың тонна қант қызылшасы жиналды. Бүгінгі күнге соның 600 мыңдай тоннасы Ақсу, Көксу қант зауыттарына өткізілді. Қос кәсіпорында қабылдау жұмыстары жалғасып жатыр, — деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі ұсақ шаруашылықтар өз өнімдерін зауыттарға өткізіп болған.
«Облыстағы ұсақ шаруашылықтар өнімдерін қант зауыттарына өңдеуге өткізіп болды. Бүгінгі күнге тек 12 ірі шаруашылық қалды, олар өз көліктерімен және көлік жалдап, өнімдерін тасымалдап жатыр. Жалпы облыс бойынша бүгінге дейін өткізілген өнімнің ластығы 7,6% болған, қар жауғаннан кейінгі екі күнде бұл көрсеткіш 11,2% көлемінде тұр. Жалпы биыл қант қызылшасынан 635 мың тонна өнім алдық. Біз тұқым себуден өнімді жинап, өткізуге дейінгі барлық процесте шаруашылықтарға қажетті қолдау көрсетіп келеміз», — деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Ақсу қант зауыты бүгінге дейін 340 мыңнан астам, ал Көксу зауыты 254 мың тонна өнім қабылдаған. Екі кәсіпорында да қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Ақсу қант зауытының директоры Самат Надирбаевтың айтуынша, өз өңіріміздегі өніммен қатар Жамбыл облысынан да қант қызылшасын қабылдап жатыр. Ал Көксу қант зауыты биыл 260 мың тоннаға дейін қызылша қабылдауды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейі, биыл қант қызылшасының егіс алқабы Жетісу облысында 1,7 есеге ұлғайып, 13,7 мың гектарға жеткізілді, одан 635 мың тонна тәтті түбір жиналды. Екі қант зауытында 94 мың тонна қант өндіру жоспарланған. Оның 64 мың тоннасы қант қызылшасынан шығарылады. Сол сияқты қызылша өсіретін 5 ауданда 8 жаңа сервистік-дайындау орталығы құрылып, 30 шаруа қожалығына құны 2,5 млрд теңгеге қант қызылшасы өндірісіне қажетті 62 техника сатып алынды.
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан алынды