Ақтөбе облысында ұлттық мал шаруашылығын дамытуға және қазақтың жылқы шаруашылығы дәстүрін сақтауға бағытталған жоба аясында «Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі
«Қазақ ғылыми-зерттеу жылқы шаруашылығы институты өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылды. Бір жылға жуық уақыт ішінде бұрынғы тәжірибе стансасы ғылыми-зерттеу мекемесіне айналды. Қазіргі уақытта заманауи ғимараттың құрылысы жүргізілуде, оның құрамында асыл тұқымды жылқыларды жан-жақты зерделеуге арналған бес зертхана қарастырылған. Институттың негізгі міндеттері – жылқы еті мен қымыз экспортын дамыту, ұлттық спорт түрлерін насихаттау және спорттық жылқы шаруашылығын өркендету. Сондай-ақ отандық шабандоздардың халықаралық жарыстарға қатысуына жағдай жасау жоспарланып отыр», – деді «Қазақ жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Базарғалиев.
Институт құрылымында манеж, ат қоралар, ветеринариялық пункт, зертханалар және ипподром болады. Бұл кешенде ғылыми зерттеулер жүргізіледі, практикалық жұмыстар атқарылып, жылқы шаруашылығы саласындағы мамандар даярланады.
Құрылыс 2026-жылдың мамыр айында аяқталып, пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Жобаны іске асыру саланың ғылыми негізін нығайтып, жылқыны асылдандыру жұмыстарының сапасын арттыруға және жылқы шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Сурет: АШМ











































