Жетісу облысында қант қызылшасын жинау және оны өңдеу науқаны қызу жүргізілуде. Облыстың 288 шаруа қожалығы екі қант зауытына жалпы 167,4 мың тонна қызылша өткізген. Оның 72,1 мың тоннасы Көксу қант зауытына, ал 95,3 мың тоннасы Ақсу қант зауытына жеткізілген. Бұл туралы Жетісу облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Зауыттар кестеге сәйкес тәулігіне орта есеппен 7,5–8 мың тонна қызылша қабылдап отыр. Бүгінгі күнге дейін екі кәсіпорын 54 мың тонна өнім өңдеп, нәтижесінде 6,5 мың тонна қант өндірген.
Биыл өңірде 12,2 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егілген. Қазіргі уақытта оның 7,2 мың гектары немесе 59%-ы қазылып, 324 мың тонна өнім жиналды. Өнімділік гектарына 450 центнерден айналып отыр. Қалған 5 мың гектар алқаптағы жұмыстарды 1-желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған. Оған 113 комбайн жұмылдырылған.
Сонымен қатар, Жетісу облысында басқа ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау да жалғасуда.
Қазіргі таңда:
• 278,8 мың гектар дәнді дақыл орылып, 748,4 мың тонна астық жиналды (өнімділік гектарына 26,8 центнер);
• 42,2 мың гектар дәндік жүгерінің 98,4% орылып, 318,6 мың тонна өнім алынды (өнімділік гектарына 76,7 центнер).
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл көктемгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұмыстарын қаржыландыру үшін Аграрлық несие корпорациясы тарапынан 10 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 317 өтінім бойынша 7,5 млрд теңге несие берілді.
Күзгі жиын-терімге 7 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, соның 6,8 мың тоннасы шаруаларға жеткізілген. Сондай-ақ, 58,8 мың тонна минералдық тыңайтқыш пайдаланылып, жоспар толық орындалды. Ал келесі көктемгі дала жұмыстарына қажетті 51,9 мың тонна тұқым толық дайындалған.
«Ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны тұрақты бақылауда. Алдағы көктемгі егіс жұмыстарына өтінім қабылдау жалғасып жатыр», – делінген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарламасында.
Сурет: Жетісу облысы әкімдігі














































