Биыл 24-ақпанда «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы «ҚазАгроҚаржы» АҚ «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдауды бастайды. Бұл мақсатқа 200 млрд теңге қарастырылып отыр, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Фермерлерді «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы бойынша қаржыландыру шарттары 2025-жылы өзгеріссіз қалады. Лизингтің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% және 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Лизингтік төлемнің алғашқы жарнасы 10%-дан кем болмауы тиіс.
«Бұл бастама фермерлерді қолдауға және елдегі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қолжетімді қаржыландыру – ауыл шаруашылығы секторының өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы. Біздің лизингтік бағдарлама фермерлерге техникаларын тиімді шарттармен жаңартып алуларына мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жалпы өндіріс деңгейі едәуір өсетін болады», — деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев.
«Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы техникасының барлық түрін қамтиды.
Өтінімді 24-ақпан күні сағат 10:00-ден бастап Telegram-боттағы https://t.me/kaz_agro_finance_bot сілтемесі бойынша бере аласыздар. Клиент өтінім бергеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалына құжаттардың толық пакетін ұсынуы тиіс.
Толық ақпаратты «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның www.kaf.kz ресми сайтынан біле аласыздар.
Сурет: Agrotrend.kz