«Батыс Қазақстан облысының ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ветеринария ғылымының докторы, профессор Ғайса Абсатиров малды кенеден арылтудың немесе алдын алудың тәсілдерін ұсынды.
Соңғы жылдары кенелер үй жануарлары үшін де, жабайы фауна үшін де үлкен мәселеге айналды. Кене экожүйенің мүшесі. Одан мүлдем құтылу мүмкін емес. Көктемнен бастап үй жануарлары мен жабайы жануарларға жабысып, әуреге салады. Қазіргі уақытта кенелердің жануарлар мен адамдарға жабысуы Қазақстанның барлық дерлік аймақтарында, соның ішінде ешқашан ақбөкен болмаған жерлерде де кездеседі. Кейбір блогерлер оны ақбөкендердің көптігімен байланыстырып жатады. Ол қате пікір. Кенелердің шамадан тыс белсенділігі табиғи-климаттық жағдайлармен байланысты. Ерте келген жылы көктем, жоғары ылғалдылық олардың күрт көбейюіне ықпал етеді. Бүгінгі таңда табиғи ортада кенелермен күресу қиын. Бұған дейін өз уақытында негізгі жайылымдардағы паразиттердің санын шектеуге бағытталған іс-шаралар кешені жүргізіліп, кенелердің таралуына тосқауыл жасалатын.
Табиғаттағы иксодикалық кенелердің санын азайту әдістерінің бірі – жыл сайын жайылым маусымына дейін немесе ол аяқталғаннан кейін кене басқан жайылымдарда жүргізілетін жоспарлы агромелиорациялық іс-шаралар болатын. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың ең озық әдісі ретінде мәдени жайылымдарды кеңінен енгізу ұсынылды. Мұның бәрі қазір жоқ. Яғни, кенелердің көбеюі мен паразиттеуіне жол беріліп отыр.
Осыған байланысты үй жануарларының иелеріне зардап шеккен жануарларды әлеуметтік желілерде көрсетіп қана қоймай, емдеу-алдын алу шараларымен айналысуға кеңес беріледі. Жануарларды паразиттік жәндіктер мен кенелерден қорғау бұрыннан қалыптасқан жүйені қолдану арқылы мүмкін болады. Ол үшін инсектоакарицидтік препараттармен қазіргі уақытта ұмытылған малды тоғыту әдісін қолдануға болады. Бұдан бөлек, кенелермен күресу үшін және оның алдын алу үшін әртүрлі препараттар қолданылады. Мәселен, жануарларға неоцидол, диазинон, циперметрин ерітінділерін бүрку, препараттарды арқа терісіне, ұзыннан омыртқасына жағу.
Тиімді инсектоакарицидтік отандық препараттар Орал қаласында өндіріледі. Бұл кең спектрлі инъекциялық препарат «Дисалар» және қора-жайларды өңдеуге арналған аэрозоль генераторы «Эстрозоль». Бұл препараттар өндірістік жағдайда өзінің тиімділігін көрсетті және шетелдік баламалы препараттармен салыстырғанда бағасы арзан. Тіпті болмай жатса «халықтық қорғау құралдарын» қолдануға да болады. Мәселен, жануарларға пайдаланылған машина майын жағыңыз. Оны малдың бүкіл денесіне емес, шаптарына, кене жабысатын жерлеріне жаққан дұрыс болады. Мұндай жұмысты жайылым маусымы басталмай тұрып істеген дұрыс. Егер денеде жәндіктер болса, май жағу жеткілікті. 1-2 сағаттан кейін өздері түсіп қалады.
Кеңес аламын деушілер үшін: +7 775 130 30 65. «Батыс Қазақстан облысының ветеринарлық дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ветеринария ғылымының докторы, профессор Ғайса Абсатиров.
Сурет: автордан