Shengtai Biotech Co., Ltd (Fufeng Group) компаниясы Жамбыл облысының Шу ауданындағы “Jibek Joly” АЭА-да жүгеріні терең өңдеуге бағытталған өнеркәсіп паркін салуда. Жоба үш кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңі аяқталды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаға инвестициялардың жалпы көлемі 1,5 млрд доллар. 400 га аумақта орналасқан кәсіпорын аминқышқылдарын өндіруге маманданған. Негізгі өнімдердің қатарына изолейцин, лейцин, валин, треонин, глутамин және цитруллин жатады.
«2026 жылғы 21 наурызда кәсіпорында алғашқы өнім — изолейцин және лейцин алынды (техникалық режимде). Бұл Қазақстан үшін жаңа бағыт, және өнімдер елімізде және тұтастай алғанда Орталық Азияда алғаш рет шығарылып отыр. Бұл адам ағзасына қажетті маңызды тармақталған тізбекті аминқышқылдар (BCAA). Қазіргі уақытта өндірісті толық қуатқа шығару жұмыстары жүргізілуде», — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Толық іске қосылғаннан кейін зауыт жыл сайын 3 млн тонна жүгеріні өңдей алады және 1,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Өнім Орталық Азия, Еуропа, Африка және Америка елдеріне экспортталады деп жоспарланған.
Сурет: облыс әкімдігі













































