Жамбыл облысының Талас және Сарысу аудандарында 2025-2027 жылдары 5 мың гектар алқаптағы жайылымдық жерлерді жақсарту, қалпына келтіру жобасы іске асырылуда. Жұмыстар Жаһандық экологиялық қор қаражаты есебінен жүргізілетін болады. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл үш айда облыста 11,7 мың гектар пайдаланылмаған және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жайылымдар жергілікті тұрғындардың мал жаюлары үшін ауылдық округтерге, қалған жерлер байқау арқылы беріледі.
2025-жылдың бірінші тоқсанында бес байқау ұйымдастырылды, оның қорытындысы бойынша айналымға 12 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері тартылды.
Елді мекендердің аумақтарына қосылған босалқы жерлердің жалпы қоры 378 мың гектарды құрады. Осылайша, елді мекендердің жер көлемі 363 мың гектардан 741 мың гектарға дейін ұлғайды. 2025 жылы тағы 20 мың гектарға өсу жоспарлануда.
Әкімдіктің мәліметінше, бүгінгі таңда 41 елді мекеннің 17-сінде жайылым тапшылығы мәселесі шешілген.
«9 елді мекенде бұл мәселе жылдың соңына дейін шешілетін болады. Алайда, 15 елді мекенде халықтың тығыздығы мен қала шегіне жақындығына байланысты жайылым тапшылығы мәселесін толығымен шешу мүмкін емес. «Жайылымдар туралы» ҚР заңының талаптарын орындау мақсатында облыстың барлық аудандарында жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарлар бес жылға қайта бекітілетін болады. Бүгінгі таңда Талас, Жамбыл, Меркі және Сарысу аудандары бойынша жоспарлар бекітілді», — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Сурет: облыс әкімдігінің ресми сайты