Жамбыл облысында еліміздегі екінші ірі құс етін өңдейтін заманауи зауыт іске қосылды, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі. Жылдық қуаттылығы 70 мың тонна болатын бұл ауқымды жобаны «Алель Агро» акционерлік қоғамы 19,8 млрд теңге инвестиция құю арқылы табысты жүзеге асырды.
Зауытта әлемдік жетекші компаниялардың заманауи жабдықтары орнатылған, барлық технологиялық үдерістер халықаралық стандарттарға сай жүргізіледі. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға және өндірістік қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Алель Агро» АҚ-ның Жамбыл филиалы – құс шаруашылығы саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі. Негізгі бағыты – бройлер тұқымды құстардың етін өндіру және қайта өңдеу. Компания толық өндірістік циклді жүзеге асырады: балапандарды инкубациялаудан бастап, құсты өсіру, ет өндіру және дайын өнімді нарыққа шығару кезеңдерінің барлығын қамтиды.
Кәсіпорынның қазіргі қуаты – жылына 10 мың тонна құс еті. Зауыт басшылығы өндіріс көлемін ұлғайту және тиімділікті арттыру мақсатында заманауи технологияларды, өндірістік инфрақұрылымды енгізіп келеді.
Сурет: облыс әкімдігі















































