Өңірде агроөнеркәсіп кешенін, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту бағытында жұмыстар белсенді түрде жүріп жатыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. 2024 жылы 14,6 млрд теңгенің 16 жобасын жүзеге асыру жоспарланған болатын. 10,8 млрд теңгенің 12 жобасы пайдалануға берілді.
Олардың қатарында «Алель-Агро» АҚ инкубаторы, су үнемдеу технологияларын енгізу, мақсары майын өндіруді кеңейту, «ҚазАква Альянс» ЖШС балық шаруашылығын құру, «Эльнур Адильгрупп» ЖШС астық қоймасын салу жобалары бар. «BNK Leasing» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету үшін сервистік орталық, алма шырынын өндіретін «Рич голд» ЖШС іске қосылды, «Каусар» шаруа қожалығы көкөніс қоймасының құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы төрт жоба іске қосылады деп күтілуде.
Кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін ауыл тұрғындарына несие беру бағыттары едәуір кеңейтілді, соның арқасында ет және сүтті мал шаруашылығында, құс шаруашылығында, өсімдік шаруашылығында, бау-бақша шаруашылығында бірқатар жаңа жобалар іске қосылды.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін көбейту бағдарламасы аясында 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Жақын арада картоп өндірісін және мал терісін қайта өңдеу арқылы азық қоспаларын өндіру жобалары басталады.
2024-2027 жылдары агроөнеркәсіп кешенін дамыту Жол картасы аясында Жамбыл облысы бойынша 245,4 млрд теңгенің 36 жобасы жүзеге асырылуда. 5 тауарлы сүт фермасы, 3 ет бағытындағы құс фабрикасы, 8 көкөніс қоймасы, 10 қайта өңдеу жобасы, су үнемдеу технологиясын енгізу бойынша 7 жоба, сондай-ақ бордақылау алаңы салынатын болады.
Сонымен қатар балық шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы техникасына қызмет көрсету жобалары да іске асырылады.
Сурет: АШМ