Ара шаруашылығы саласындағы Еуропаның жетекші компанияларының бірі — венгриялық Aranynektár Kft Қазақстан аумағында бал өндіру және өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниет білдірді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Бұл мәселені Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы мен Aranynektár Kft компаниясының бас директоры Ференц Фульмер кездесуінде талқыланды.
Жобаның мақсаты — заманауи, жоғары технологиялы, экологиялық таза әрі Еуропалық одақ стандарттарына сай экспортқа бағытталған өнім өндіретін кәсіпорын құру.
«Қазақстанда ара шаруашылығы саласының тұрақты өсуіне қажетті барлық жағдай бар. Атап айтқанда қолайлы климат, экологиялық таза орта, дамыған ғылыми база және мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары қарастырылған. Біз мұндай өндірістерге мүдделіміз және жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл жобаны іске асыру ел ішінде қосылған құнды қалыптастыруға ғана емес, қазақстандық балдың экспортын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ЕО нарығында лайықты орын алуға мүмкіндік береді», — деді Ермек Кенжеханұлы.
2024 жылы Қазақстан 5 мың тонна бал өндірді. құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға артық. Жалпы көлемнің 58%-дан астамын Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстары, сондай-ақ Абай және Жетісу өңірлері қамтамасыз етеді.
Мемлекет омарташыларға тікелей қолдау көрсетуде. 2025 жылдан бастап жаңа субсидиялау тетігі енгізілді — сатылған әрбір килограмм бал үшін 200 теңге төленеді.
Бұдан бөлек, 2024–2026 жылдарға арналған мемлекеттік ғылыми зерттеулер бағдарламасы аясында аралардың генофондын тиімді пайдалану жүйесін әзірлеу және экологиялық қауіпсіз өндіріс технологияларын енгізу бағытында қаржыландыру қарастырылған. Бұл шаралар өнім сапасын арттыруға және халықаралық, соның ішінде ЕО нарығы талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Aranynektár Kft компаниясының бас директоры Ференц Фульмер Қазақстандағы ара шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін тілге тиек етіп, ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Aranynektár Kft — Венгриядағы ірі бал өндіруші және экспорттаушы компания. Компания жылына 4 мың тоннаға дейін бал өндіре алатын қуатқа ие, оның шамамен 80%-ы Еуропалық одақ елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға экспортталады.
Сурет: АШМ