Түркістан облысында австралиялық технология бойынша салынған бордақылау алаңы іске қосылды. Толық қуатқа шыққан кезде 50 мың бас ірі қара бордақылауға мүмкіндік болады, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Етті бағыттағы малды бордақылауға арналған кешенді Арыс қаласының Қожатоғай ауылдық округіндегі «Turkestan Agro.kz» ЖШС жүзеге асырды. Жоба екі бағытты қамтиды: жаңбырлатып суару жүйесін пайдалана отырып, жем-шөп дақылдарын өндіру және етті бағыттағы ірі қара малды өсіру. Малды бордақылау мен жайылымда ұстау австралиялық технологиямен жүргізіледі.
Әкімдіктің мәліметінше, жобаның бірінші кезеңінде 15 мың бас ірі қара байланады. Биылғы жыл соңында бордақылау алаңына тағы 10 мың, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас мал кіргізіледі.
Компания жаңбырлатып суару технологиясын пайдалана отырып, 4,7 мың га алқапта жем-шөп дақылдарын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл бордақылау алаңын қажетті мөлшерде мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның құны 16,2 млрд теңге. Кешенде 100-ге жуық адам жұмыс істейтін болады.
Сурет: облыс әкімдігі