Түркістан облысында австралиялық әдіспен 50 мың бас ірі қараға арналған бордақылау алаңы салынып, іске қосылмақ. Жалпы құны 16,2 млрд. теңге болатын жоба инвесторлар есебінен салынуда және аймақтағы ең ірі кешендердің біріне айналады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсірумен және ет бағытындағы ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады.
Құрылыс бордақылау және жаю схемасы австралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісімен жасалады. Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Биыл бордақылау алаңына 15 мың бас, 2025-2026 жылдары тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады.
Сондай-ақ серіктестік бордақылау алаңы маңындағы 4 710 гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясымен жем-шөп дақылдарын өсіру ісін қолға алған. Ол үшін «John Deere» компаниясының техникаларын да әкеліп жатыр. Бұл мал бордақылау алаңын қажетті мал азығымен толық қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бордақылау алаңы заманауи технологиямен жабдықталады. Шамамен жүзге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сурет mla.com.