Астанада «Ulttyq ónim – 2025» көрмесі өтіп жатыр. Онда еліміздің барлық өңірінен келген 350 отандық тауар өндіруші халыққа өз өнімдерін ұсынуда. Солардың қатарында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының шақыртуымен Абай облысының Жарма ауданынан балдың түр-түрін әкелген Тамирлан Талғатұлы деген омарташы жас кәсіпкер бар. Әкесі екеуі көрмеге келген жұртқа бал татырып жатыр. Біз де балынан дәм татып, өзінен сұхбат алған едік.
— Осы кәсіпті бастап, бұйырған несібелеріңізді көріп отырсыздар. Дегенмен бастапқыда мемлекет тарапынан көмек болды ма?
— Иә, көмек болды. Негізі өз қаржымызбен бастағанбыз. Содан кейін түрлі конкурстарға да қатысып көрдік. «Сәби» қайырымдылық қоры ұйымдастырған грантққа қатысып, соны ұттық. Сол қаржы жұмысымыздың алға басуына, дамуымызға көп ықпал етті. Ал, Жарма ауданының әкімдігі араларымызды жаятын жер беріп, көмектесті.
— Өнімділік қалай, құпия болмаса бір маусымда қанша бал жинайсыздар?
— Біздің ара шаруашылығында бір ұяның көлемімен есептеледі. Мәселен бір ұяда 50-60 мың ара болады. Осы бір ұя бір маусымда орта есеппен 50-70 келі шамасында бал береді. Өнімділік ауа райына байланысты. Жаз жаңбырлы болса, гүл қалың шықса 100 келіге дейін бал алуға болады. Ең нашар дегенде бір ұядан 30-40 келі шамасында бал жинаймыз.
— Мысалы, өнім алу бар да, оны өткізу деген ең маңызды мәселе тағы бар. Сіздерде бұл жағы жолға қойылған ба, бәлкім сырт елдерге экспорттау жағын да жоспарлап отырған шығарсыздар?
— Сұрағыңыз өте орынды. Тиісті агротехнологияны қолданып, жұмысыңызды жақсы жүргізсеңіз балды өндіру аса қиын жұмыс емес. Негізгі мәселе өнімді сату. Бүгінгі таңда біз Қазақстан бойынша балымызды сату ісін белгілі деңгейде жолға қойдық. Сатып алушыға жеткізіп беру жағын да шештік. Онлайн да, офлайн да сауда жасауға өзіміз де машықтанып алдық. Ал экспортқа шығару жағын да жоспарлап қойдық. Ол үшін өнім мол болу керек, кемі 100-200 тонна өніміңіз болса шетелге шағыруға мүмскіндік бар. Бір серіктеспен Дубайға бал жеткізу жөнінде келіссөз жасағанбыз. Жақында осы бағыттағы жұмысты қолға аламыз.
— Өнім көлемін көбейту үшін омартаңыздың санын да арттыруыңыз керек қой?
— Әрине, ара көп болған сайын бал да көбейеді. Сол үшін омартаны үлкейтуіміз керек. Қазір енді бұл отбасылық бизнес. Әкем және отбасымыздың мүшелері бәрі көмектеседі. Бізде дәл қазір 400-ге жуық ұя бар. Жыл сайын 50 немесе 100 ұядан қосып отырамыз. Бір ұя кемі 50 келі бал берсе, 100 ұядан 5 тоннаға дейін бал алуға болады. Осы жерде тағы бір айта кететін жайт, балдың көлемі көбейген сайын бағасы да арзандайды. Бұл жергілікті халыққа тиімді болады.
— Халыққа тиімді болғанын қалайтыныңыз елдің жайын ойлайтын, нағыз жомарт кәсіпкердің сөзі деп есептеймін. Өнімді экспортқа шығару жағын ойластырып отыр екенсіз. Енді омартаның санын көбету үшін қосымша қаржылай қолдау қажет шығар, әлде өз күшіңізбен, өз қаражатыңызбен іске асырасыз ба?
— Иә, әкімшілік тарапынан және қаржылай көмектер қажет болады. Әзірге ешқандай қаржы институттарымен жұмыс істеп көрген жоқпыз. «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алуға болатынын естідім. Алдағы уақытта мен де жеңілдетілген несие алсам, кәсібімді бұдан ары дамытсам деп отырмын, бұйырса. Бір сөзбен айтқанда, балды экспортқа шығаратын деңгейге жеткізуім керек.
— Қарбалас арасында уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет, істеріңіз ілгері бассын!
Сұхбаттасқан Қанат Тұрар.