Қазақстанда су үнемдеу технологияларын қолдану алаңы жыл сайын едәуір қарқынмен өсіп келеді. 2024 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 470,2 мың гектарды құрады, ал бүгінгі күні ол шамамен 580 мың гектарға жетті. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұған дейін Президент жыл сайын 150 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. 2024 жылы технология 158 мың га аумаққа енгізілді.
«Мемлекет басшысы су үнемдеу технологияларына көшудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Климаттық өзгерістер жағдайында бұл елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шара. Облыс әкімдіктерімен бірлесіп, біз республиканың егіс алқаптарына су үнемдеу жүйелерін енгізу бойынша 2030 жылға дейінгі жоспарды әзірлеп, бекіттік. 2030 жылдың соңына қарай біз жылына 2,2 млрд текше метр суды үнемдеуге қол жеткізгіміз келеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Фермерлерді егістіктерді суару тәсілдерін өзгертуге ынталандыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті механизмдерді әзірледі. Фермерлердің су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға және ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесі инфрақұрылым жүргізген кезде 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ, тариф құнына байланысты суға сараланған субсидиялар енгізілді. Су үнемдеу технологияларын пайдаланғандарға субсидия мөлшері 60%-дан 85%-ға дейін өседі.
Сонымен қатар, лазерлік жоспарлаушыны сатып алуға субсидиялар тек егіс алқабы кемінде 200 га болатын шаруашылықтарға төленетін талап алынып тасталды. Лазерлік жоспарлау суармалы судың 30%-на дейін үнемдей отырып, учаскенің барлық аумағында судың біркелкі таралуына ықпал етеді. Бұл әсіресе құрғақ аймақтарға қатысты.
Сурет: Agrotrend.kz