«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Солтүстік Қазақстан өңірінде тұрақты агроөндіріс пен экологиялық егіншілікті дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл бастаманы Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰДБ серіктесе жүзеге асырады.
Келісім аясында БҰҰДБ жалпы сомасы шамамен 2 миллион АҚШ доллары көлемінде грант бөледі. Қаржы пилоттық жобаларды ғылыми сүйемелдеуге, халықаралық және жергілікті сарапшыларды тартуға, сондай-ақ фермерлер мен операторлардың шығындарын өтеуге бағытталады.
Жоба Солтүстік Қазақстан аймағында экологиялық таза және қаржылық тұрғыдан тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ ауыспалы егіс жүйесін жетілдіруге және алқаптарды әртараптандыруға бағытталған.
БҰҰДБ және Азық-түлік корпорациясы арасындағы серіктестік бұршақ дақылдары мен көпжылдық шөптерді (жасымық, жоңышқа) өсіру бойынша ауыл шаруашылығы өндірушілерін үш жылдық форвардтық қаржыландырумен қамтамасыз етуді көздейді.
Фермерлер жобаны жүзеге асыру барысында заманауи агротехнологияларды енгізіп, топырақ құнарлылығын сақтау мен экожүйелерді қорғауға бағытталған экологиялық тәжірибелерді қолданады.
Сурет: АШМ














































