Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі дала жұмыстары басталды. Шаруалар биылғы науқанды жылдағыдан ерте бастады. Себебі күн райының жылынуына байланысты уақытында ылғал сақтап үлгеруге тиіс. Бұл туралы 24.kz теларнасы хабарлады.
Корней Шевченконың қыс бойы тұрған техникалары дала төсін дүбірге бөлеп жатыр. Күн райы да шаруаның тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп тұр. 10 күн ішінде егіс алқабының тең жартысында ылғал жабу жұмыстары жүргізілген.
«Былтыр ылғал жабуды 23 сәуірден бастап, егіс алқабына әрең шыққанбыз. Биыл 12 күнге ерте кірістік. Бұл жұмыстардың пайдасы көп маңызы зор. Себебі қылтиған арамшөптерді жояды. Себілген дәннің өсуіне одан мол өнім алуға мүмкіндік береді»,- дейді агроном Корней Шевченко.
Нарықтағы жағдайды саралаған шаруалар енді рапс өсіруді қолға алмақ. Диқандар биыл бидай алқабын 700 мың гектарға қысқарту арқылы майлы дақылдар үлесін ұлғайтуға ниетті.
«1,6 млн гектар ылғал жабылды. Бұл аймақтағы егістіктің 36 процентінен асады. Сонымен қатар алқаптарды тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», — дейді Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтарь.
Солтүстік Қазақстан облысының шаруалары биыл 4 млн 400 мың гектар жерді игереді. Оның басым бөлігіне бұршақ пен дәнді-дақыл себеді.
Сурет: Agrotrend.kz