Биыл Қазақстанда үйірлі шегіртке зиянкестерінің таралуы 2,5 млн гектар аумақты қамтиды деп болжанған. Алайда күрес шаралары асяында 3,1 млн гектар жер қамтылды. Химиялық өңдеулер барысында 423 бүріккіш техникасы қолданылды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына және шегірткелердің көршілес аумақтарға көшуіне жол берілмеді.
«Пестицидтер мен қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде 694 млн теңге көлемінде үнемделген бюджет қаражаты есебінен 7 барлау дроны, 46 химиялық өңдеуге арналған дрон және 68 автокөлік сатып алынды. Түркістан және Жамбыл облыстарында шегіртке ошақтарын анықтауда барлау дрондары жоғары тиімділікті көрсетті», — деп хабарлады Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті.
Химиялық өңдеуге арналған агродрондар Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында қолданылады.
Түркістан және Жамбыл облыстарында дрондармен мың гектардан астам жер өңделді. Қолданылатын технология қысқа мерзімде және жоғары дәлдікпен жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Сурет: АШМ