ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесу өткізді, деп хабарлады ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Онда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының барысы, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ қосымша пысықтауды қажет ететін өзара іс-қимыл бағыттары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров шаруаларды қолдау шараларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Егіс науқанын жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өткен жылы 580 млрд теңгеге дейін және несиелеуді мерзімінен бұрын іске қосу арқылы биыл рекордтық 700 млрд теңгеге дейін артты (бұрын қаржыландыру 140 млрд теңгеден аспаған). Алғаш рет көктемгі дала жұмыстарында қарыз сомасының 85%-на дейін кепілдендірудің арнайы бағдарламасы енгізілді.
Бір жыл ішінде қаржыландыру көлемін 80 млрд теңгеге ұлғайту арқылы 5%-бен 200 млрд теңгеге дейін жеткізу ауыл шаруашылығы техникасы лизингінің қолжетімділігі артты, бұл ретте техниканың өзі кепіл, ал жарна инвестициялық субсидия бола алады.
Азық-түлік корпорациясына форвардтық сатып алуларға 30 млрд теңге, географияны кеңейту үшін экспорттық шығындарды субсидиялауға 40 млрд теңге бөлінді.
Қайта өңдеу кәсіпорындарына айналым қаражатын толықтыру үшін несие беру өткен жылдан басталды. Несиелеу көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Биыл бұл мақсаттарға 48 млрд теңге бөлу міндеті тұр. Айналым мақсаттары үшін жеңілдетілген несиелер қайта өңдеуді жүктеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Үкімет ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтамасыз ететін сала ретінде мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осылайша, мал бордақылау алаңдары үшін қолдау құралдары әзірленуде, жеңілдікпен несие беру және субсидиялардың жеңіл әкімшілендірілетін түрлерінің пайдасына селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты субсидиялау қайта қаралады.
Сурет: АШМ