Ақылды технология ауылда қолданыла бастады, деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің мұнай-газ ісі кафедрасының 3-курс студенті Ерасыл Жолгелдиев Шалқар ауданына қарасты Бозой ауылындағы өзінің отбасылық шаруашылығына заманауи автоматтандырылған қожалық жүйесін тәжірибе ретінде іске қосты. Бұл бастама цифрлық технологияларды ауыл шаруашылығында қолданудың нақты үлгісі болып отыр.
Жоба аясында жүзеге асқан негізгі мүмкіндіктер:
• Қораның есігін видеокамера және қозғалыс сенсоры арқылы автоматты түрде ашып, жабу;
• Автоматтандырылған жүйемен малды суару;
• Қора ішіндегі температура мен ылғалдылықты бақылайтын датчиктер;
• Барлық жүйені қашықтан басқаруға және бақылауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша.
«Мақсатым — ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру. Біз ауылға да заманауи технологияларды енгізу арқылы жұмысты жеңілдетіп, өнімділікті арттыра аламыз»,- дейді жобаның авторы Ерасыл Жолгелдиев.
Жоба әзірге пилоттық режимде жұмыс істейді және отбасылық шаруашылықта күнделікті қолданысқа енгізілген. Алдағы уақытта бұл бастаманы кеңейтіп, өзге де қожалықтарға бейімдеу жоспарда бар.