ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке сауал жолдаған Парламент Сенатының депутаты Жанболат Жүргенбаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы мәселесін көтерді.
«Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылық жерлерінің көлемі едәуір қысқарды. Бұл ауыл шаруашылығы жерлерінің бір бөлігін орман қорына беруді, оларды ұтымсыз игеруді, сондай-ақ жайылымдардың жетіспеушілігін қоса алғанда, бірқатар факторларға байланысты. 2024 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 1991 жылмен салыстырғанда орман қоры жерлерінің көлемі 12,8 млн гектарға ұлғайды, ал ауыл шаруашылығы жерлері 20,6 млн гектарға қысқарды. Қазіргі уақытта орман қоры жерлерінің ауданы 23 млн гектарды құрайды. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, орман қорының жерлерін ауыл шаруашылығы айналымына беру қажет», — деді Жанболат Жүргенбаев.
Осыған байланысты ол орман қорының құрамына кіретін ауыл шаруашылығы жерлеріне кешенді талдау жүргізуді, шабындықтар мен жайылымдарға қатысушылар үшін қысқа мерзімді орман пайдалану тәртібін қайта қарауды, шабындықтар мен жайылымдар учаскелері үшін ауылдық округтер әкімдіктері арқылы орман билеттерін беру тетігін әзірлеуді, су және жайылым инфрақұрылымын дамыту үшін цифрлық сәйкестендіруді жүргізу және арнайы агротехнологияларды енгізуді, қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін кадастрлық карта жасауды ұсынды.
Сурет: Agrotrend.kz