ШҚО-ның Самар ауданында туризмді дамыту мақсатында марал шаруашылығы мен пантымен емдейтін шипажай ашылмақ. Бұл тек туристер үшін қызықты орын ғана емес, жергілікті тұрғындарға жаңа жұмыс көзін ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды f16.kz.
Мұнда 200 марал, 300 ірі қара, 300 ұсақ мал өсіріледі. Сүт және ет өнімдері өндірісі жолға қойылады. 30-дан астам тұрақты, 50 уақытша жұмыс орны ашылады. Пантымен емдейтін шипажай төрт мезгіл жұмыс істейді.
«Бұл жоба туризмді ғана емес, аудан экономикасын дамытуға да зор үлес қосады. Сонымен қатар жергілікті халықты жұмыспен қамтып, ауыл жастарына тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді», — дейді Самар ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Абылғазыұлы.
«Бұрын марал шаруашылығы дүркіреп тұрды. Күніне 60 адам қабылдайтын шипажай болды. 1200-ден аса марал өсірілді. Қазір бәрінің жабылып қалғанын көріп, жүрегіміз ауырады. Бұл істі қайта жандандырудың уақыты келді», — деді жергілікті тұрғын Ержан Байзақов.
Шаруашылық аудан экономикасынан бөлек, туризмді де жандандыруға серпін бермек.
Сурет ашық ақпарат көзінен алынды