Қазақстанда құстарды жыл бойы сақтандыруға болады. Фермерлер сақтандыру полисі құнының 20%-ын ғана төлейді, ал 80%-ын мемлекет субсидиялайды. Бұл туралы Аграрлық несие корпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Құс шаруашылығы тәуекелі көп сала. Фермерлер құстарын жұқпалы және аса қауіпті аурулардан, өрттен, үшінші тұлғалардың қаскүнемдік әрекеттерінен, қауіпті табиғи құбылыстардан, жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығу, аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуынан және қандай да бір жағдайлармен жарақаттануы сияқты қауіп-қатерлерден сақтандыра алады.
Сақтандыру тарифінің мөлшері сақтандырылатын құс санына байланысты және ол 30 бастан кем болмауы тиіс.
Сақтандыру төлемдеріне Swiss Re халықаралық қайта сақтандыру компаниясы кепілдік береді.
Еліміздің барлық өңіріндегі фермерлер өз тәуекелдерін жыл сайын 12 айға сақтандыра алады.
Шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі барлық рәсімдер Kezekte.kz платформасындағы Agroinsurance ақпараттық сервисінде онлайн жүргізіледі. Ол үшін агросақтандырушының электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек.
Қазақстанда құс шаруашылығы жақсы дамып келеді. Сонымен бірге басқа жануарлармен салыстырғанда тәуекелдері де бірнеше есеге көбеюде. Бұл – құсты ұстау ерекшеліктеріне, санының өсуіне, кейінгі кездері таралып жатқан ауруларға байланысты болып отыр.
2021-2024 жылдар аралығында 13 миллионнан астам құсты сақтандырған 11 ірі құс фабрикасы сақтандыру саласындағы мемлекеттік қолдауды ұтымды пайдаланды.
Сурет: ашық ақпарат көзі