Дәнді-бұршақ дақылдарын терең өңдеуге маманданған «Kaizen» ЖШС зауытында сағатына 4 тоннаға дейін өнім өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи қаптау және буып-түю желісі пайдалануға берілді. Жабдық өнімді екі желіде қатар қаптауға мүмкіндік береді. Бұл өңдеу өнімділігі мен тиімділігін едәуір арттырады, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Кәсіпорын 2023 жылдан бері жұмыс істейді және шикізатты қабылдаудан бастап 800 грамнан 50 кг-ға дейінгі қаптамада дайын өнім шығаруға дейінгі толық өңдеу циклін жүзеге асырады. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 170 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Өнім түрлеріне қызыл жасымық (жартылай және бүтін), бұршақ кіреді. Жақын уақытта жасыл жасымық, ақ және қызыл бұршақ, қарақұмық және қазақстандық өндірістегі күрішті қаптау жоспарда бар.
Arbella сауда маркасымен шығарылатын жармалар Түркия мен Ауғанстанға табысты экспортталып жатыр.
2025 жылдың мамырында іске қосылған жаңа буып-түю желісі ішкі нарықтың қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған. Жеткізудің басым бағыттарының қатарында Сирия, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан бар.
Сурет: АШМ