Қостанай облысында тауарлы балық шаруашылығы едәуір өсім көрсетіп отыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі. Соңғы төрт жылда бұл саладағы қожалық саны 18 есе артып, 70-ке жетті. Аймақтағы көлдерде дәстүрлі түрде тұқы және ақбалық түрлері өсіріледі, ал биыл бекіре балығын өсіру алғаш рет қолға алынды.
Тобыл–Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Серік Бейсембаев мұндай өсімді аквакультураны дамыту бағдарламасының қабылдануымен және мемлекеттік қолдаумен байланыстырады. Биыл қожалықтарға 50 миллион теңгеден астам субсидия берілген.
Кәсіпкер Валентин Ищенко құны 300 миллион теңге болатын бағалы балық түрлерін өсіру және өңдеу бойынша алғашқы ірі жобаны жүзеге асырды. Жобаның қуаттылығы – жылына 45 тонна өнім.
Қожалықта күн сайын шамамен 500 келі балық өңделеді. Болашақта өнім түрлерін көбейтіп, шамамен 100 түрлі өнімді өңдеу жоспарланып отыр.
Аквакультураны дамыту бағдарламасы аясында аймақта тауарлы балық өндірісін жыл сайын арттырып, бес жыл ішінде бұл көрсеткішті 10 мың тонна өнім шығаратындай деңгейге жеткізу жоспарланған.
Сурет: agrotrend.kz