Қоныс аударушылар ҚР үкіметі айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын ашу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша ала алады. Ол үшін олар жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулері керек. Бұл туралы Ақмола облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.
Ведомствода қоныс аударушы – бұл ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударған ішкі көшіп-қонушылар екенін нақтылады.
“ҚР қолданыстағы жер заңнамасының негізінде Қазақстан Республикасының үкіметі айқындаған өңірлердегі қоныс аударушыларға шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 50-бабының 5-тармағына сәйкес белгіленген ең төменгі мөлшерден аспайтын мөлшерде байқаудан тыс тәртіппен бес жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығымен беріледі, шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде иеліктен шығару, беру құқығынсыз, акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндірістік кооперативке жарна ретінде қолдану құқығынсыз», — делінген хабарламада.
Аталған мақсаттар үшін жер учаскелерін қайта беруге жол берілмейді.
«Қазақстан Республикасының үкіметі айқындаған өңірлерде бес жылдан астам тұратын қоныс аударушыларға жер пайдаланудың ұзақ мерзімді құқығының жаңа мерзіміне шарт жасасу құқығы беріледі», — делінген ведомство таратқан ақпаратта.