Алматы облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Атакәсіптің өркендеуіне жер жағдайы мен ауа-райы да өте қолайлы. Өңірде мал басы бойынша Жамбыл ауданы бірінші орында тұр. Қазір мұнда сақман басталып кетті, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Дүйсеналы Еңкелешовтың айтуынша, биыл 23 ауылдық округте 588 мыңнан астам саулық қой тіркелген. Оның 18 500-і ауыл шаруашылығы құрылымдарына, 455 мыңнан астамы шаруа қожалықтарына, 113 800-і жеке тұрғындарға тиесілі. Биыл Жамбыл ауданындағы шопандар төлден шашау шығармай, жарты миллионнан астам (530 000 мың) қозы алуды жоспарлап отыр.
«Жыл сайын Жамбыл ауданындағы мал басы 5-10 пайызға артып келеді. Былтыр қой саны 1 млн 95 мың болса, биыл 1 млн 102 мыңға жетті. Төрт түлікті асылдандыру жұмысы тыңғылықты жүріп жатыр. Ауданда қазіргі таңда 260 мың бас асыл тұқымды қой бар. Негізгісі – қазақтың қылшықты, биязы және жартылай биазы жүнді қойлары. Жалпы санына шаққандағы үлесі – 18,6 пайыз. Оның 164 мыңы – саулық. Ендігі жоспар бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу», – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Шопандардың айтуынша, биылғы қыс төрт түлікті өте жайлы болыпты. Мәтібұлақ, Талап, Үңгіртас, Ұзынағаш, Жамбыл, Теміржол, Қарасу, Айдарлы, Бозой, Сарытауқұм, Үлгілі ауылдық округінің шаруалары ақпан айының орта шегінен мал төлдететін қора-жайларына көшіп келген. Солардың бірі – Алмат Әлжанов. Ол өткен жылы 500 бас асылтұқымды гиссар қойын алып, шаруашылығын бастаған. Алдағы уақытта қой санын 3000-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, елімізде мал шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлінген. Еті, сүті мен жүніне, мал бордақылау ісіне де жеңілдіктер қарастырылған. Әсіресе мал асылдандыруға ерекше қолдау көрсетіледі.
Сурет: облыс әкімдігі














































