Саланы дамытуға 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беру, мал басын жаңарту және экспортқа басымдық беру негізгі қозғаушы күштерге айналмақ.
Қазақстан ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40 пайызын мал шаруашылығы құрайды. Алайда қазіргі өсім қарқыны саланың сапалы серпіліс жасауына жеткіліксіз. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин халықаралық Dala.Camp форумында мәлімдеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 3,8 трлн теңгеге жетіп, бір жыл бұрынғы 3,3 трлн теңгемен салыстырғанда едәуір өскен. Сала елдегі барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 39 пайызын құрайды. Ірі қара мал саны 2,4 пайызға өсіп, 7 млн 977 мың бастан 8 млн 167 мың басқа жеткен. Ұсақ мал саны 1,6 пайызға артып, 20 млн 551 мың басқа дейін көбейген. Сүт өндірісі 3,8 млн тоннаға (+5%), ет өндірісі 1,2 млн тоннаға (+2,6%) жетіпті.
Дегенмен, оң динамикаға қарамастан, өсім қарқыны жеткіліксіз. Вице-министрдің айтуынша, жыл сайынғы 2-3 пайыздық өсім саланың нақты әлеуетін көрсетпейді әрі сапалы серпіліске мүмкіндік бермейді. Қазіргі таңда мал шаруашылығындағы өнімділік деңгейі әлемдік стандарттардан едәуір төмен.
Саланы дамыту үшін технологиялық жаңғырту, генетикалық әлеуетті арттыру және өнімділікті жүйелі түрде көтеру қажет. Сонымен қатар инвестициялық тартымдылықтың төмендігі де өзекті мәселе болып отыр. Мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіздігі, әсіресе жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының болмауы да саланың дамуына кедергі келтіріп отырғаны айтылды.
Осыған байланысты 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Құжат өндірістік көрсеткіштердің тұрақты өсуін және агроөнеркәсіп кешенінің теңгерімді дамуын көздейді. Жоспар аясында 5-6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру, асыл тұқымды мал шаруашылығын және ғылыми сүйемелдеуді дамыту, жем-шөп базасын нығайту, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, заманауи технологияларды енгізу және экспорт нарықтарын кеңейту қарастырылған.
Маңызды шаралардың бірі – жоғары өнімді ірі және ұсақ мал сатып алуға арналған ұзақ мерзімді жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын іске қосу. Бұл табынды жаңартуға және саланың генетикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылмақ. Бұл бағытта инфрақұрылымды құру үшін бірыңғай несие өнімі енгізіліп, жайылымдарды сумен қамту, көшпелі вагондар сатып алу және қосымша шығындарды қаржыландыру жоспарланған. Бұл шаралар өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, шаруашылықтардың тұрақтылығын арттыруы тиіс.
Қазірдің өзінде қолданыстағы бағдарламалар аясында 5,6 млрд теңгеге екі жоба қаржыландырылды. Ұлытау облысы аумағында 35 шаруашылық құрылып, 7,8 мың бас ірі қара және 13,4 мың бас ұсақ мал өсірілуде.
Айта кетейік, Қазақстанда ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы жаңа заң әзірленуде. Мемлекет басшысы бұл жұмысты 1-қыркүйекке дейін аяқтауды тапсырды. 2026-жылы елде көшпелі мал шаруашылығын дамыту мақсатында жайлауға шығатын 200 жаңа шаруашылық құру жоспарланып отыр. Фермерлерге жайылым инфрақұрылымын дамытуға несие берілмек.
Dala.Camp Forum алаңында нарықты біріктіру, фермерлерді экспорт жүйесіне тарту және премиум сиыр еті сегментін қалыптастыру мәселелері де кеңінен талқыланды.
Сарапшылар ет экспорты тек жекелеген жобалар емес, мемлекеттік саясат, ветеринариялық талаптар, инвестиция мен қаржылық құралдарды қамтитын тұтас экожүйе екенін атап өтті. Олардың пікірінше, ет саласындағы қосылған құнның шамамен 70 пайызы фермадан тыс – кооперация, өңдеу және нарыққа шығу кезеңдерінде қалыптасады.
Форум барысында Turan қазақстандық мал өсірушілер қауымдастығының басқарма төрағасы Жәнібек Кенжебаев нарықты біріктіруге негізделген жаңа модель ұсынды. Оның айтуынша, саланың бытыраңқы құрылымнан басқарылатын экспорттық деңгейге өтуі үшін өндіріс ауқымын ұлғайтып, ресурстарды шоғырландыру қажет.
2025-жылдың тамызында құрылған қауымдастық бүгінде 200-ден астам нарық қатысушысын біріктіреді. Оның құрамында 115 мың басқа арналған бордақылау алаңдары, 30 мың басқа есептелген репродукторлық шаруашылықтар және жылына 72 мың тоннаға дейін ет өңдеу қуаты бар. Қауымдастық экспортты негізгі даму көзі ретінде қарастырып отыр. Басым бағыт – Қытай нарығы, өйткені бұл ел жыл сайын шамамен 3,8 млн тонна сиыр етін импорттайды, бұл әлемдік импорттың 30 пайызына жуық.
Жиында Қазақстанның шикізаттық модельден жоғары қосылған құны бар премиум сиыр еті брендіне көшу қажеттігі айтылды. Ол үшін фермадан экспортқа дейінгі толық бақылау жүйесін құру, халықаралық сапа және сертификаттау стандарттарын — USDA Grading, Meat Standards Australia, EUROP секілді жүйелерді енгізу және өнімнің шығу тегін толық қадағалау маңызды.
Сондай-ақ Turan Standard Pool деп аталатын тірі мал нарығын шоғырландыру платформасы таныстырылды. Бұл модель фермерлерге тұрақты өткізу арнасын және 10-15 пайыз көлемінде баға үстемесін ұсынса, өңдеушілерге кепілдендірілген сапалы шикізат алуға мүмкіндік береді.
Форумға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, АҚШ, Бразилия, Нидерланд, Франция, БАӘ және Түркиядан 150-ге жуық делегат қатысты. Сарапшылардың ортақ пікірінше, экспорттық мал шаруашылығын дамыту үшін нарық қатысушыларының мүддесін үйлестіріп, сыртқы нарықтарға шығудың тұрақты әрі ұзақ мерзімді моделін қалыптастыру қажет.
Материалды дайындаған журналист Бахтияр Хамит
















































