Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «Thorniko», «Ovodan Egg Group» және «Шаңырақ» компаниялар тобының өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Кездесуде Қазақстан аумағында тауық жұмыртқасын терең өңдеуді дамыту мәселесі талқыланды.
Жобаның бастамашысы — халықаралық компаниялармен әріптестікте жұмыс істейтін «Шаңырақ» компаниялар тобы.
Министр бұл жобаның елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
«Жұмыртқаны терең өңдеу технологияларын енгізу тек жұмыртқа ұнтағы импортының көлемін едәуір қысқартуға ғана емес, сонымен қатар бағаның маусымдық ауытқуын азайтып, тамақ және кондитерлік өнеркәсіпте қолданылатын жұмыртқа өнімдерінің биологиялық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз қолданыстағы заңнама аясында толық қолдау көрсетуге дайынбыз. Мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған», — деді Айдарбек Сапаров.
Өз кезегінде инвесторлар қуаттылығы тәулігіне 1 миллион жұмыртқа өндіруге болатын кәсіпорынның құрылысы 2025-жылдың тамыз айында басталатынын хабарлады. Жобаның жалпы құны — 15 миллиард теңге.
Компания өкілдері жобаның сәтті іске асатынына және ұзақ мерзімді перспективасына сенім білдіріп, жаңа жұмыс орындарын ашу мен отандық өнім сапасын арттырудың маңыздылығын айтты.
Айта кетейік, бүгінде еліміз жұмыртқамен 100% отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуде.
Анықтама:
Жұмыртқа ұнтағы — кептірілген майда түйіршікті тауық жұмыртқасының ақ уызы мен сары уызы. Жүмыртқа ұнтағының құрамында: 46,0 % белок, 37,3% май, 4,5^ көмірсу, 4,9% күл бар. Энергетикалық құндылығы — 542 ккал.