Қазақстан Жапония нарығына жылқы және жылқы етінен жасалған дайын өнім жеткізуді қолға алады. Осы мақсатта қазақстандық «Zhabyak» компаниясы мен жапондық «Senko Farm» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Kazakh Invest баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжат тұрақты экспорттық жеткізілімдерді қалыптастыруды, сондай-ақ логистикалық және ұйымдастырушылық мәселелерді бірлесіп үйлестіруді көздейді. Экспорт Жапонияның қатаң ветеринариялық және санитариялық талаптарын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Келісім аясында өнім сапасын бақылау, қадағалау және халықаралық сертификаттау стандарттарын толық сақтау жоспарланған. Бұл Қазақстан жылқы етінің әлемдегі ең талапшыл нарықтардың біріне шығуына мүмкіндік бермек.
«Бұл келісімге қол жеткізу үшін біз бес жылдан астам уақыт бойы дайындық жүргіздік. Өндіріс процестерін жапон нарығының талаптарына бейімдеп, барлық қажетті рұқсаттар мен сертификаттарды алдық», – деді «Zhabyak» ЖШС негізін қалаушы Игорь Жабяк.
Аталған меморандумға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында қол қойылды. Сонымен қатар, сапар қорытындысы бойынша «Династия Агро» ЖШС мен JATECO Group FairBay Inc. компаниясы Жапонияға зығыр майын жеткізу көлемін арттыру туралы келісімге келді.
Сурет: Kazakh Invest















































