Тірі мал экспортынан ет өнімдерін сыртқы нарықтарға шығаруға көшу оң нәтижелерін көрсетуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан өңделген сиыр етінің экспортын 1,4 есеге арттырып, 22 мың тоннадан астам, ал қой етінің экспортын 2,2 есеге ұлғайтып, 18 мың тоннаға жеткізді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл көрсеткіштер тірі малға шаққанда — 122 мың ірі қара және 1 миллион ұсақ мал басына тең. Салыстырып қарағанда 2024 жылы тірі мал экспорты 92 мың ірі қара, 47 мың ұсақ мал басын құраған. Бұл — ел ішінде қайта өңдеу көлемінің және қосылған құнның артқанын дәлелдейді.
Сату нарықтарын әртараптандыруға бағытталған жүйелі жұмыстар аясында, 2024 жылдан бастап қазақстандық өндірушілер Тәжікстан, Қытай, Грузия, Сирия және Иордания сияқты жаңа шетелдік нарықтарға шығу мүмкіндігіне ие болды. Бұл фактор ет өнімдері экспорты көлемінің өсуіне едәуір ықпал етті.
2025 жылдың алғашқы 4 айында Қазақстан 8,4 мың тонна сиыр етін (яғни 47 мың басқа тең) және 6,7 мың тонна қой етін (372 мың басқа тең) экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге артық.
Жыл сайынғы ет өнімдері экспортының көлемін 50 мың тоннаға дейін жеткізу мақсатында Қазақстанда австралиялық тәжірибені енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама аясында жалпы құны 29,3 млрд теңге болатын және өндірістің толық технологиялық циклын қамтитын 14 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған.
Сурет: АШМ