Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Алматы қаласындағы Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Иран Ислам Республикасының бірінші вице-президенті Мохаммад-Реза Арефпен кездесті, деп хабарлады primeminister.kz. Онда сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тереңдету, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Қазақстан тарапы жалпы құны $132 млн-нан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, биыл елімізде 26 млн тоннадан астам астық жиналды. Отандық экспорттаушылар бидай, арпа және майлы дақылдарды қоса алғанда, астық өнімдеріне деген Иран нарығы сұранысын қанағаттандыруға дайын. Жалпы, өткен жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіп тауарының айналымы 25%-ға артып, $186 млн-ға жетті.
«Біздің басты мақсатымыз – екі мемлекет басшылары айқындаған міндеттерді толығымен жүзеге асыру және Қазақстан-Иран ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге көтеру. Біздің сауда-экономикалық әріптестігіміздің әлеуеті жоғары, оны одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Өзара құрмет пен достық аясында өтіп жатқан бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді деп сенемін», — деді Олжас Бектенов.
Сурет: primeminister.kz