«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ өз қаражаты есебінен жаңа лизингтік бағдарламасын нарыққа шығарды. Бағдарлама қолданыстағы жеңілдетілген бағдарламалар шеңберінен тыс қалып отырған ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Жаңа өнім шаруалар үшін қазірдің өзінде қолжетімді.
Бағдарлама «Бәйтерек» холдингінің еншілес компанияларды қаржыландыру бағдарламалары бойынша мөлшерлемелерді біріздендіру жөніндегі жаңа стратегиясы аясында әзірленді. Ол жылдық 12,6% мөлшерлемемен 10 жылға беріледі және міндетті түрде 15% аванстық төлем болуы тиіс. Қаржыландыру тек компанияның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде өнімді ағымдағы сұраныс жағдайында ұзақ мерзімді инвестициялық ресурс ретінде икемді етеді.
«Жаңа бағдарлама – нарық сұранысына біздің стратегиялық жауабымыз. Жеңілдетілген механизмдерден тыс қалып отырған бағыттар мен техника түрлері жеткілікті. Оларды қаржыландыру қажеттілігі әлі де бар. Өз ресурстарымызды пайдалана отырып, біз мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалғандар үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынып отырмыз. Бұл жеңілдетілген шешімдерге балама емес, қайта оларды логикалық әрі уақтылы толықтыру«, – деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Бағдарлама аясында 2025 жылы агроөнеркәсіп кешені субъектілерінің кең ауқымын қамти отырып, қаржыландыруды шамамен 20 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Жаңа өніммен қатар «ҚазАгроҚаржы» отандық техниканы 5%-бен лизингке берудің флагмандық жеңілдетілген бағдарламасын жалғастыруда. 2025 жылы бұл мақсатқа 200 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда 76 млрд теңгеге 4 мыңнан астам техника сатып алу қаржыландырылды. Сондай-ақ «Қазақстанда жасалған», 6%-бен ұсынылатын «Жеңілдетілген лизинг», «Өз жем-шөбіміз» бағдарламалары да қолданыста. Бұл бағдарламалар аясында жалпы қаржыландыру көлемі 18,5 млрд теңге болады деп күтілуде.
Аталған барлық құралдар ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық машина жасауды қолдауға бағытталған.