«ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруаларға ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу үшін фермерлерден түскен өтінімдер бойынша 10 минут ішінде шешім алуға болатын жаңа цифрлық сервисті іске қосты, деп хабалады компанияның баспасөз қызметі.
Бұл құралдың негізінде жасанды интеллект технологиялары жатыр. Өтінім беру кезінде клиент шаруа немесе фермер қожалығының құрамы туралы анықтаманы тіркейді, содан кейін жүйе құжатты автоматты түрде танитын болады. Егер қожалық бір мүшеден тұратыны анықталса, өтінім жеделдетіп қарауға жіберіледі. Бұл шешім қабылдау уақытын қысқартуға және процесті барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Жаз айларында «ҚазАгроҚаржы» мамандары Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қызылорда Павлодар, Қарағанды және басқа да облыстарда ашық есік күндерін өткізді. Шаруалармен кездесу барысында жаңа сервис таныстырылып, оның онлайн режимдегі жұмысы көрсетілді. Шаруалар жаңашылдықты қуана қабылдаған.
Бұл ретте компания цифрлық өтінім қағаз формасын ауыстыру емес, оның баламасы екенін айтады. Ауылдық жерлерде интернет тұрақты жұмыс істемейді, кейбір шаруалар смартфон пайдаланбайды немесе цифрлық құралдармен жұмыс істеу дағдылары жоқ. Сондықтан «ҚазАгроҚаржы» шаруаларға сервистің жұмысын таныстыруды және жаңа құралды игеруге көмектесуді жалғастырады.
«Жаңа сервис өтінім бойынша шешімді небәрі бірнеше минут ішінде қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл жай ғана автоматтандыру емес, тиімділікті арттырудың нақты құралы. Біз қағазбен жұмыс істеуді қалайтындар үшін бұл үйреншікті форманы сақтап қаламыз, сонымен қатар жаңа цифрлық жолды игерулеріне мүмкіндік береміз», — деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев.
Өтінім берудің цифрлық сервисі компанияның жасанды интеллект технологияларын енгізудегі жүйелі жұмысының жалғасы. 2024 жылы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жасанды интелектіні қолдана отырып, лизинг нысаналарын онлайн-мониторингтеу жобасын іске қосты. Жүйе өзінің тиімділігін көрсетті, енді инженерлерге техниканы тексеру үшін алқаптарға шығудың қажеті жоқ, бақылауды қашықтан жүргізе береді.
Сурет: Agrotrend.kz