Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында шикізатты терең өңдеуде проблемалар барын, соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырғанымызды айтты.
«Шикізатты терең өңдеу – ауыл шаруашылығына да қатысты өте өзекті мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары қордаланған мәселелерді шешу үшін емес, тек осы саладағы жалпы өнімді арттыру үшін қабылданып жатыр деуге болады. Соның салдарынан әлі күнге дейін азық-түлік импортына тәуелді болып отырмыз, баға да өсуде. Атқарушы билік бұған тосқауыл қою үшін негізінен әкімшілік шараларға жүгінеді. Үкімет осыған дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тікелей реттеуден бас тартатыны туралы айтты. Соған қарамастан, мұндай тауарлар саны 19-дан 31-ге дейін көбейді. Үкімет бұл шешімді уақытша шара деп түсіндірді. Бірақ уақытша деп басталған шара әдеттегідей тұрақты сипатқа ие болып кетпеуі керек», — деді Президент.
Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қатысты да сын айтты.
«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына да нарыққа қайшы шектеулер қойылған. Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды. Не себепті бұлай жасалып жатқанын түсіну қиын емес. Себебі нарықты дамытқаннан гөрі оған шектеу қою – әлдеқайда оңай. Мұндай әрекетті тоқтату керек. Үкімет бизнес қауымдастығымен бірлесе отырып, тамақ өнеркәсібін дамытуға қатысты жүйелі шаралар қабылдауға тиіс», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сурет: Ақорда
















































