Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Көбетей ауылында 1 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы ашылды. Нысан еуропалық стандарттар бойынша жабдықталған және өңірдегі ең ірі нысандардың біріне айналады. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
«Инвестициялық жобаны «Рамадан МФ» ЖШС «Черниговское и К» ауыл шаруашылығы кәсіпорнымен бірлесіп жүзеге асырды. Толық қуатқа шыққан кезде жылына 9 мың тоннаға жуық сүт тапсырылады. Бұл көлемге келесі жылы шығу жоспарлануда», — делінген әкімдік таратқан ақпаратта.
Өнім Қарағанды облысы мен Астана қаласының сүт өңдеу кәсіпорындарына жеткізілетін болады.
«Бүгін біз қазіргі заманғы тауарлы-сүт фермасын – жаңа өндірістік буын ғана емес, ауылдағы экономикалық белсенділіктің нағыз орталығына айналатын маңызды нысанды ашып жатырмыз. Мұнда 60-қа жуық жұмыс орны ашылады», — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Ферма заманауи еуропалық жабдықтармен жабдықталған, барлық процестер автоматтандырылған, үй-жайларда климаттық бақылау орнатылған. Сондай-ақ, жем-шөптің жеке өндірісі қарастырылған.
Сурет: Agrotrend.kz