Павлодар облысында «Turkey PVL» ЖШС құс фабрикасының құрылысының екінші кезеңін аяқтады, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
«Turkey PVL» – өңірдегі күркетауық етін өндіруге маманданған жалғыз кәсіпорын. Компанияның өнімі Қазақстанда «Павлодар күркетауығы» брендімен танымал.
Кәсіпорында күркетауықтарға арналған жем өздерінің құрама жем зауытында өндіріледі, құс өсіру мен инкубациясы да кәсіпорынның өз ішінде іске асады. Бұл – өндірістің жоғары сапалы өнім шығаруына мүмкіндік береді.
2025-жылдың басында кәсіпорындағы құс саны 95 мыңға, ал өндіріс көлемі 3 мың тоннаға жетті. Компания өндіріс қуатын арттыру жұмыстарын жалғастыруда. 2024-жылы фабрикада жылдық қуаттылығы 3,5 мың тонна болатын 10 құс қорасы пайдалануға берілді.
Жалпы, инвестициялық жобаны толық жүзеге асырғаннан кейін құс фабрикасының жылдық қуатты 8 мың тонна ет өндіруге жетеді.
Сурет: АШМ