«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Бас атқарушы директоры Марио Зосемен кездесу өткізді, деп хабарлады холдингтің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында тараптар «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы — «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы серіктестікті дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Әңгіме барысында қазақстандық фермерлер үшін заманауи ауыл шаруашылығы техникасын жеткізу және қаржыландыру нұсқалары қарастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында Fendt және Valtra техникасын құрастыру зауыты мен сервистік орталықтарды құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.
«Қазақстан мен Германия көптеген жылдар бойы стратегиялық серіктес болып келеді. «Бәйтерек» холдингі неміс компанияларымен белсенді түрде ынтымақтастықта жұмыс істейді және бұл серіктестікті, әсіресе, агроөнеркәсіп секторында нығайтуды көздейді. Raiffeisen Waren GmbH компаниясының Қазақстанда тіркелгені бізді қуантады. Бұл болашақта серіктестікті дамыту және нарықтағы позицияларыңызды нығайту жолындағы маңызды қадам», — деп атап өтті Рустам Қарағойшин.
Сондай-ақ, ол «ҚазАгроҚаржы» компаниясының Fendt және Valtra сияқты өндірушілердің техникасы мен жабдықтарын лизингке беру бойынша мол тәжірибесі бар екенін айтты. Соңғы 25 жылда «ҚазАгроҚаржы» арқылы 3,9 миллион еуроға 34 техника берілген.
Сурет agrotrend.kz