Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары нарығындағы баға тұрақсыздығы мен оларды тұрақтандыру шараларына арналған бірлескен кеңес өткізді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Кеңеске облыс әкімдерінің орынбасарлары, мүдделі орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Ауыл шаруашылығы министрі елімізде ішкі нарықты және экспортты қамтуға жеткілікті көлемде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірілетінін атап өтті.
«Алайда соған қарамастан, 2025-жылдың басында біз көкөніс өнімдеріне, әсіресе маусымаралық кезеңде, бағаның едәуір өскенін байқап отырмыз. Бұл жағдайдың негізгі себептері — маусымаралық кезеңге арналған тұрақтандыру қорларының қорын қалыптастырудағы жұмыстың әлсіздігін, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) импорттық көкөністерді сатып алуды дұрыс ұйымдастырмағанын, делдалдардың жұмысына тосқауыл қоюға жергілікті атқарушы органдардың тиімсіз әрекетін көріп отырмыз. Бағаны тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков пен Сауда және интеграция вице-министрі Айжан Бижанова бағаның өсуіне әсер еткен мәселелерді баяндады. Атап айтқанда ӘКК-де көкөніс қорының жеткіліксіздігі, ерте өнімге келісімшарт жасау көлемінің аздығы, белгіленген сауда үстемесінің асып кетуі, сондай-ақ Атырау, Алматы және Жетісу облыстарындағы өңірлік комиссиялардың жұмыс сапасының төмендігі айтылды.
Айдарбек Сапаров ұйымдасқан шаруашылықтарда, соның ішінде үш дәнді дақыл егетін өңірде картоптың егіс алқаптарын кеңейтудің маңыздылығына ерекше назар аударды. Сондай-ақ қажетті көлемде бидай мен қант сатып алуды уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ведомствоаралық үйлестіруді күшейту мен бөлшек сауда саласындағы, әсіресе баға белгілеу және жеткізу тізбегінің ашықтығын бақылауды арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ импорт көлемі өскен жағдайда қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау қажеттігін атап өтті.
Кеңесте әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасының негізсіз өсуі тіркелген өңірлердің өкілдері де тыңдалды.
«Біз ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін азық-түлік жеткілікті көлемде өндіреміз. Бұл бағаның тұрақтылығының негізі болуы тиіс. Алайда жергілікті жерлердегі нақты үйлестіру мен жедел әрекетсіз кез келген тетік тиімсіз болады», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ ол барлық тұрақтандыру шаралары нақты әрі уақтылы жүзеге асырылуы тиіс екенін еске салды.
Сурет: АШМ